Балабақшамызда «Артикуляциялық қимылдарды дамыту және сөйлеуге дайындау» тақырыбында семинар-практикум сәтті өткізілді. Іс-шараның мақсаты – балалардың сөйлеу аппаратын дамыту, дұрыс дыбыстауға дайындау, педагогтерге логопедиялық жұмыстардың тиімді әдіс-тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсету және сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған жаңа тәсілдермен таныстыру.
Семинар барысында логопед Баян Берікқызы қатысушыларға артикуляциялық жаттығулардың мәні мен маңызын, тіл, ерін, жақ бұлшықеттерін дамыту әдістерін, дыбысты дұрыс айтуға бағытталған ойын түріндегі тапсырмаларды жан-жақты үйретті. Педагогтерге практикалық бөлімде нақты демонстрациялар көрсетіліп, күнделікті оқу-тәрбие процесінде қолдануға болатын тиімді әдістер ұсынылды. Сондай-ақ семинарда балалардың сөйлеу дағдыларын қалыптастырудағы педагогтің рөлі, ата-анамен бірлескен жұмыс жолдары, сөйлеу қиындықтарын ерте кезеңде анықтау және түзету тәсілдері де талқыланды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әр баланың жеке ерекшеліктеріне сай артикуляциялық жаттығуларды ұйымдастыру бойынша маңызды кеңестер алды.
Іс-шара педагогтердің кәсіби шеберлігін арттырып, балалардың сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған практикалық білім қорын толықтыруға мүмкіндік берді.






